Петропавлда ток соққан жұмысшы сотта жеңіп, өтемақы алатын болды

Фото: Pexels

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда жұмыс барысында ток соғып, кейін аяқ-қолынан айырылған ер адам жұмыс берушіні сотқа беріп, жеңді.

Солтүстік Қазақстан облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы серіктестіктердің бірінің жұмысшысын электр тарату желілерінің жанында жұмыс істеп жүргенде ток соққан. Салдарынан ауыр дене жарақаттарын алды: бас терісі, оң қолы мен аяғы күйіп, кейін ампутация жасалды. Денсаулығына байланысты үшінші топ мүгедектігі белгіленді.

СҚО бойынша мемлекеттік бас еңбек инспекторы жұмысшы мен жұмыс берушінің кінәсі тең дәрежеде деген қорытындыға келген. Ер адам бұл шешіммен келіспей сотқа жүгініп, тергеу нақты мән-жайдың анықталмағанын және жасалған тұжырымдар негізсіз екенін көрсетті.

Жауапкердің өкілі жұмысшы жеке қауіпсіздік шараларын сақтамады деп мәлімдеді.

Сот іске қатысты материалдарды зерттеу барысында жұмыс беруші тарапынан елеулі заңбұзушылықтарды анықтады, яғни еңбек қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықтар болмаған, жұмыс электр желілері иесімен келісілмеген, сондай-ақ аса қауіпті жұмыстарды орындауға наряд-рұқсат ресімделмеген. Сонымен қатар, жұмысшының жеке қауіпсіздік шараларын сақтамағандығы дәлелденген жоқ.

Сот зардап шегушінің талабын қанағаттандырды. Екі тарап та кінәлі деген қорытынды заңсыз деп танылып, жұмыс берушінің кінәсі толық дәлелденді. Облыстық соты бірінші инстанция шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Нәтижесінде өндіріс орнында зардап шегушінің кінәсі жоқтығы толық мойындалып, оған өндірістік жарақат кезінде берілетін өтемақылар мен төлемдерді толық көлемде алу мүмкіндігі туды. 

Шешім заңды күшіне енді.

Бұған дейін өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеу процесі толық автоматтандырылатындығын жазған едік.