Петропавлда төрт күн бойы орталық алаңда мерекелік іс-шаралар өтеді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда биыл Наурыз мейрамы бар сән-салтанатымен төрт күн бойы тойланбақ. Қала тұрғындары мен қонақтарына қызықты бағдарлама ұсынылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, негізгі мерекелік іс-шара Петропавлдағы орталық алаңда өтеді. 20 наурыз күні сағат 15.00-де «Әз-Наурызым, армысың!» атты концерттік бағдарлама, «Qyzyljar шеберлер мекені» атты қолөнершілердің республикалық фестивалі және биылғы мерейтой иелері – Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шәймерденов, Кәкімбек Салықов сияқты тұлғалардың құрметіне арналған көрме және сауда жәрмеңкесі ашылады.

Бұл күні спорттық ойындар да ойнатылады. Қала тұрғындары мен қонақтарына белгілі қара күш иесі Сергей Цырульников және Street Workout бойынша ҚР бас бапкері Айтым Жақыпов өнер көрсетеді, жастармен кездеседі.

21 наурыз күні мереке сағат 11.00-де басталмақ. Бұл күні сауда жәрмеңкесі, концерттік бағдарлама мен шеберлер фестивалі жалғасады. Жұрттың назарына Ташкент қаласының даршылары арқанда өнер көрсетеді. Кешкі сағат 18.00-де қазақ эстрадасының әртістері қатысқан концерт өтеді.

22-23 наурызда да мерекелік іс-шаралар сағат 11.00-де басталмақ. Бұл күндері де сауда-саттық қызып, жұрт назарына қолөнершілер өз бұйымдарын ұсынады, «Әз-Наурызым, армысың!» атты концерттік бағдарлама қойылады.