Петропавлда триатлон және дуатлон бойынша ел чемпионаты өтті

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда 4-8 маусым аралығында триатлон және дуатлоннан 200-ден астам спортшы қатысқан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.

Фото: СҚО әкімдігі

Солтүстік Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, жарысты ұйымдастырушы - «Қазақстан триатлон федерациясы» қоғамдық бірлестігі. Жарыс осы жылға арналған республикалық бұқаралық-спорттық іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесіне енгізілген және ұлттық деңгейдегі ресми спорттық жарыс болып есептеледі.

Жарыстар Пестрое көлінде, жаңадан салынған ЭКО-парк аумағында өтті. Мұндай жарыстар бұқаралық спортты дамытуға, саламатты өмір салтын насихаттауға және заманауи спорттық инфрақұрылымды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Фото: СҚО әкімдігі

Облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұловтың айтуынша, триатлон өңір үшін салыстырмалы түрде жаңадан дамып келе жатқан спорт түрі, соңғы жылдары оған қызығушылық айтарлықтай артқан.

- Триатлон - жүзу, велоспорт және жүгіруді біріктіретін кешенді сайыс. Ол спортшылардан жоғары дайындықты, мықты мінезді, тәртіпті талап етеді. Бүгінде балалар мен жастардың триатлонға қызығушылығы өсіп, өңірлік федерацияның жұмысы жанданып, жарыстарға қатысушылар саны көбейіп келеді.

Жалпы қазір облыста 227,5 мыңға жуық адам адам дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде айналысады. Бұл өңір халқының 44%, - дейді Жүсіп Жұмағұлов.

Фото: СҚО әкімдігі

Бағдарлама аясында екі дисциплина бойынша жүлделер сарапқа салынды. Elite, U19 және U15 санаттары бойынша аралас эстафетадағы триатлон жарыстары, сондай-ақ U15 және U13 санаттарындағы спортшылар арасында дуатлон сайыстары өтті.

Триатлоннан спортшылар 250 метрге жүзді, 6,6 шақырымды велосипедпен өтті және 1,6 шақырымға жүгіріп жарысты.

Ал дуатлоннан: жүгіру - 1 шақырым, велокезең - 8 шақырым, жүгіру - 2 шақырым болды.

Нәтижесінде Elite санатында 1 сағат 34 минут ортақ уақытымен Астана командасы жеңіске жетті. U19 санатында да астаналық команда 1 сағат 38 минутпен топты жарды. U15 санатында 1 сағат 40 минут уақытымен Ақмола облысының командасы бірінші орынды алды.

Бұған дейін Филиппиннің Кандон қаласында волейболдан әйелдер командалары арасында өтіп жатқан Азия кубогы ойындарында Қазақстан құрамасы үшінші кездесуінде жеңіске жеткенін жазған едік.