Көрмеге көбелектердің 15 шақты түрінің 80-ге жуық данасы әкелінді.
«Менің қолымдағы «Парусник Румянцева» көбелегінің еркегі мен ұрғашысы. Қанаттарының ұзындығы 12-14 см-ге дейін жетеді. Үй жағдайында 3 аптаға дейін тіршілік етеді. Олардың Отаны Филиппин аралдары, бұл көбелек жергілікті халық арасында құмарлық нышаны болып есептеледі. Филиппиндік жігіттер мен қыздар бір-біріне осы көбелектерді махаббат пен адалдықтың белгісі ретінде сыйға тартады. Иығымда отырған «Золотая птицекрылка» көбелегі. Оның Отаны Оңтүстік Азия. Жалпы көрмедегі көбелектер негізінен Оңтүстік, Оңтүстік Шығыс Азияны, Малайзия, Индонезияны мекен етеді. Неге бұлай аталған? Өйткені ұшқан кезде құсқа ұқсайды. Сары мен қара түсті, яғни өзіне бірден назар аудартады», - дейді көрменің экскурсоводы Максим Сарачинский.
Көрме ұйымдастырушыларының айтуынша, дүние жүзінде көбелектердің 157 мыңнан астам түрі бар.
«Белая рисовая бумага» көбелегінің қанаты өте өрнекті болып келеді. Бұл Отаны Қытайда махаббат пен отбасының нышаны саналады. Қытайлықтар бұл көбелек үйге кірсе, онда отбасы мүшелерінің қатары жақын арада толығады деп сенеді. Мұндай көбелекті жас жігіт өзінің сүйікті қызына, сондай-ақ, ата-аналар тойда жас жұбайларға сыйға тартады», - Максим Сарачинский.
Келушілер өз көздерімен көбелектердің дернәсілден шығып, қанаттарын алғаш рет жайған сәтін көре алады. Бұл ғажайып көрініс екі сағатқа созылады.
«Көрмеге инсектарий де қойылған. Ол жерде жәндіктердің дернәсілдері орналастырылған, яғни көбелектердің пайда болғанын бақылауға болады. Бірер күнде бұл жерде әлемдегі ең үлкен көбелек «Атакус атлас» дернәсілден босап шығады. Оның қанаттарының ұзындығы – 25-30 см, ал өмір сүру ұзақтығы 5-7 күн. Ғұмырының қысқа болуына оның дернәсілден босап шыққаннан кейін қоректенбеуі себеп, ол бұған дейін жинаған қорын пайдаланады. Негізгі міндеті – көбею. Жақсы жетілуі үшін инсектарийде тиімді температура мен ылғалдылық сақталады. Мәселен ылғалдылық 70 %, ауа температурасы 30 градус шамасында болуы тиіс», - дейді Максим Сарачинский.
Тропикалық көбелектер көрмесі Петропавлдағы тарихи өлкетану музейінде желтоқсанның 11-не дейін жұмыс істемек.