Петропавлда түнде жұрттың мазасын алатын тұрғын мәжбүрлі түрде емделетін болды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда жыл басынан түн тыныштығын бұзғандарға 900 астам хаттама толтырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жаз келісімен түнде той тойлайтын көршілеріне шағымданып, полиция шақыратындар көбейген. Әсіресе жалға берілетін пәтерлермен көрші тұратындардан маза кетеді.

Маусым айының басында тәртіп сақшылары жалға алынған пәтерде туған күнді тойлаған бір топ студентті жауапкершілікке тартты. Олардың дастарханында спирттік ішімдік болмаса да, өздерін тым еркін ұстап, шулаған.

«Пәтерді жалға беретін бюролардың иелерімен үнемі профилактикалық әңгіме жүргізіледі. Учаскелік инспекторлар оларға мас күйде келетін клиенттерге қызмет көрсетпеуді ұсынады. Сондай-ақ төтенше жағдай режимі алынғанымен карантин талаптары күшін жойған жоқ. Сол себепті жалға алынған пәтерде бас қосып тойлау – қауіпті инфекцияның таралуына әкелуі мүмкіндігін еске саламыз», - дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.

Тыныштықты бұзғандарға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Полицейлердің айтуынша, әдетте айыппұл салғаннан кейін көпшілік тынышталады. Жұрттың мазасын алып, шулайтындар негізінен ішімдікке әуес жандар.

Солардың бірі - Петропавлдың 1983 жылы туған тұрғыны өз пәтеріне үнемі маскүнемдерді жинап, спирттік ішімдіктер ішкен. Оған бірнеше рет айыппұл да салынған екен. Нәтижесі болмағаннан кейін ағасы арыз жазып, соның негізінде учаскелік полицейлер оны алкоголизмнен мәжбүрлі емдетуге материал жинады.

Жалпы СҚО-да жыл басынан түн тыныштығын бұзғандарға 911 хаттама толтырылды. Оның басым бөлігі – 730 жағдай Петропавлға тиесілі.