Петропавлда тұрғын үйден өрт шығып, 100-ден аса адам эвакуацияланды
01:18, 08 Наурыз 2026
АСТАНА. KAZINFORM — Петропавл қаласында 2‑ші Первомай көшесінде бес қабатты тұрғын үйде өрт шықты. Өрт үшінші қабаттағы пәтерде басталды, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.
Оқиға орнына ТЖМ бөлімшелері жедел жетті. Құтқару жұмыстары барысында түтінді кіреберістен құтқару қалпақтарын пайдалана отырып баспалдақ арқылы 27 адам, оның ішінде 15 бала құтқарылды.
Сонымен қатар, үйден 76 адам эвакуацияланды, олардың ішінде 23 бала бар.
— Құтқарушылардың жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында өрт сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ, — делінген хабарламада.
ТЖМ азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңызды екенін еске салады.
Осыған дейін Астанада көлікке техникалық қызмет көрсету орталығында өрт шыққанын жазған едік.