Петропавлда тұрғын үй өртенді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда екі қабатты тұрғын үй өртеніп кетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Өрт таңертең болған. Куәгерлердің айтуынша, киімдерін киместен далаға қашып шыққан. Көпшілігі ақша мен құжаттарын алып үлгермеген. Үй ескі, құрғақ болғандықтан, шарпыған от жылдам тараған.

СҚО ТЖД деректеріне сәйкес, орталық өрт қызметі пунктіне 6 пәтерлік екі қабатты үйдегі өрт туралы ақпарат 8 сағат 38 минутта түскен. 4 минуттан соң оқиға орнына өрт сөндірушілер жеткен.

«Өртті сөндіруге 10 техника мен СҚО ТЖ департаменті «Өрт сөндіру және апатты құтқару жұмыстары» ММ жеке құрамынан, «Оңтүстік Орал темір жолы» АҚ әскерилендірілген өрт сөндіру командасынан және «СҚО апатты медицина орталығы» ФММ-нан 44 адам жұмылдырылды. Өрт сөндіру 3 аумақта өте ауыр жағдайда жүргізілді - ғимараттағы газ баллондарының жарылу қаупі бер еді», - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Өрт салдарынан үйдің шатыры қирап, пәтерлер мен мүліктерге зақым келді. Өрттің жалпы ауданы 180 шаршы метрді құрады. Үйден 6 адам эвакуацияланып, 9 газ баллоны шығарылды. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ. Өрттің шығу себептері мен шығындар анықталуда.