СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға бүгін түнде болған. Сағат 1.42 минут кеткенде 101 телефон нөміріне Болатбаев көшесіндегі 32-үйдің 9-шы қабатындағы пәтерден өрт шыққандығы жайында хабар түседі.
Бірден Петропавлдағы № 2, № 3 өрт сөндіру бөлімшелері жеке құрамынан 24 адам, 6 техника жұмылдырылды. Екі жедел жәрдем көлігі экипажы, тәртіп сақшылары жетті.
Тоғыз қабатты үйде 144 пәтер бар. Өрт екінші подъездің 9-қабатында шығыпты. Мамандар 87 адамды, соның ішінде екі баланы қауіпсіз жерге шығарды. Жанып жатқан пәтерден екі адам – 1960 жылғы үй иесі ер адам және оның 1959 жылы туған әйелі құтқарылды. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ер адам ауыр халде 3 қалалық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді.
Өрт сағат 2.19 минут кеткенде толық сөндірілді. Пәтерге айтарлықтай зақым келді, дүние-мүлік, үй иелерінің жеке заттары жанып кетті. Қазіргі болжам бойынша, отты абайсыз пайдалану себеп болған.