Ведомствоның нақтылай түсуінше, қайғылы оқиға қазанның 5-нен 6-сына қараған түні сағат 03:39-да орын алған. Тілсіз жауды ауыздықтауға 40 минут жеткілікті болғанымен, 82 жастағы кейуананың өмірін сақтап қалуға бұл уақыт жеткіліксіз болды. «Төтенше жағдайдың алдын алу барысында 25 адам, оның ішінде 3 бала қауіпсіз жерге көшірілді. Тілсіз жау 18 шаршы метр аумақты қамтыған. Өрт ошағынан 82 жастағы әйелдің денесі табылды», делінген баспасөз қызметінің ақпаратында.
Өртті ауыздықтауға ҚР ТЖМ Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің жеке құрамындағы 6 маман мен 1 техника жұмылдырылды.