Петропавлда тұрғын үйдің қабырғасы үгітіліп түсті
Тұрғындардың айтуынша, 50-жылдары салынған үй 2014 жылы апаттық жағдайда деп жарияланған. 8 пәтерге шақталған үйде 5 отбасы тұрып келген. Түнде зейнеткер әжей тұратын екінші кіреберістегі үйдің қабырғасы үгітіліп түскен.
«Түнгі бір жарымда сұмдық гүрсілді естіп, шошып кеттім. Біздің кіреберістің қабырғасы опырылып түсті-ау деп ойладым. Құжаттарымды жинап кереуетке отыра кеттім. Түнімен ұйықтамай шықтық. Бәріміздің қолымызда үйдің апаттық жағдайда екендігін растайтын актілер бар», - дейді үйдің тұрғыны Наталья Емельянова.
Оны сөзіне қарағанда, үйде ПИК болмаған. Үйді қабырғаларын ақтап, жарылған жерлерін сыбап,тұрғындардың өздері күтіп отырған. Н.Емельянова 2015 жылдың басында кезекке тұрғанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, кезек жылжымайтын көрінеді.
Сәуір айында осы үйге қарама-қарсы орналасқан үйдің қабырғасы құлаған болатын, ол кезде тұрғындар бірнеше күннің ішінде басқа үйге көшірілген.