Петропавлда түзету мекемесі бастығының орынбасары сотталды

Солтүстік Қазақстан облысы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №48 мекеме бастығының орынбасары сыбайлас жемқорлық қылмыс үшін сотталды, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: uralskweek.kz

Петропавл қалалық сотының мәліметінше, колония бастығының орынбасарына алаяқтық жасады, яғни лауазымды тұлға өзінің қызметтік жағдайын пайдалану арқылы алдау жолымен бөтеннің мүлкін ұрлады деген айып тағылды.

Т. №48 мекеме бастығының орынбасары, құқық қорғау органының қызметкері, лауазымды тұлға бола отырып, биылғы шілдеден тамызға дейінгі аралықта 400 мың теңге мөлшерінде заңсыз «сыйақы» алған. Ол өз құзіретіне кірмесе де, алдау арқылы пайда табу мақсатында мекеме аумағында орналасқан механикалық цехтың тозығы жеткен ғимаратын бөлшектеуге және құрылыс материалын әкетуге рұқсат берген. Ол кінәсін толық мойындады және қылмысы толық дәлелденді.

Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 2) тармақшасы ұрланған мүліктің оннан жиырма есеге дейінгі мөлшерінде айыппұл төлетуді немесе 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

Сотталушының жас балаларының болуы, кінәсін мойындауы, өкінуі – оның жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде есепке алынды.

Петропавл қалалық соты Т.-ны кінәлі деп танып, ұрланған мүліктің он еселенген мөлшерінде - 4 млн теңге сомасында айыппұл түрінде жаза тағайындады.

Сотталған адам өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымды атқару құқығынан және әділет подполковнигі шенінен айырылды.