Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Мемлекет басшысының қатысуымен өткен ведомство алқасының соңғы отырысында ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың қойған міндеттерін жүзеге асыру аясында ҚР Ішкі істер министрлігі учаскелік полицейлерге автокөлік бөлді.
«Материалдық-техникалық базаны нығайту әрқашан халықпен байланыстағы қызметкерлер жұмысының тиімділігін арттыруға септігін тигізеді. Жедел әрекет етуге жағдай жасау - азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосу», - дейді тәртіп сақшыларына «Лада Веста» автокөлігінің сертификаты мен кілтін табыс еткен СҚО Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.
Петропавлдағы №1 УПП учаскелік полиция инспекторлары қаланың 24 мың адам тұратын орталық бөлігіне қызмет көрсетеді. Бұл - бірнеше көңіл көтеру орны, жаңа салынған үйлер мен жер үйлері, спорттық нысандары бар ірі аудандардың бірі. Соған қарамастан ол өңірдегі үлгілі учаскелік полиция пункттерінің қатарында. Қаланың басқа да учаскелік полиция пункттері сияқты планшеттермен, аулаларға және басқа да қоғамдық орындарға шығарылған бейнебақылау камераларымен жабдықталған.
«Мен көп жылдан бері учаскелік полиция қызметкері болып еңбек етемін. Жаңа көлік біздің жұмысымызды жеңілдетіп, шақыртуларға жедел жетуге көмектеспек», - деді аға учаскелік инспектор Дулат Жаныбеков.
Петропавлда 13 учаскелік полиция пункті бар, онда 90-нан астам учаскелік полиция инспекторы жұмыс істейді. Қазір Президент Жолдауын іске асыру аясында учаскелік полиция қызметкерлерінің мәртебесін көтеру, олардың өкілеттіктерін кеңейтіп, материалдық-техникалық жағдайларын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.