Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жағдайы ауыр, қылығы оғаш болған. Әйел медициналық көмекке жүгінер алдында шыбыжұт-«мухомор» жегенін айтқан.
Қажетті медициналық тексерулерден кейін пациент шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылды. Оған «белгісіз затпен жедел улану» диагнозы қойылды. Сонымен қатар, одан қосымша аурулар мен тәуелділік синдромы анықталған.
Науқастың өмірін сақтау үшін реанимация дәрігерлері төрт күн бойы қарқынды ем жүргізді. Мамандар ағзаның өмірлік маңызды қызметтерін тұрақтандыруға, уланудан туындаған бұзылыстарды түзетуге және ықтимал асқынулардың алдын алуға бағытталған ем қолданды. Пациенттің жағдайы мен негізгі көрсеткіштері медициналық қызметкерлердің тұрақты бақылауында болды.
Жағдайы тұрақтанғаннан кейін әйел терапия бөліміне ауыстырылып, емін әрі қарай жалғастырды.
Емдеу нәтижесінде пациенттің жағдайы жақсарып, ауруханадан шығарылды. Дәрігерлер оған әрі қарай психиатр мен наркологтың мамандандырылған көмегіне жүгінуді ұсынды.
Мамандар улы саңырауқұлақ және сананы өзгерту мақсатында қолданылатын басқа да өсімдіктер мен заттардың қауіпті екенін ескертеді. Мұндай заттардың адам ағзасына әсерін алдын ала болжау қиын. Әсіресе белгісіз заттарды, дәрі-дәрмектерді немесе олардың түрлі қоспаларын қолдану ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Улану кезінде адамның санасы бұзылып, құрысу, тыныс алудың қиындауы, жүрек-қантамыр жүйесі жұмысының бұзылуы сияқты қауіпті жағдайлар туындауы ықтимал. Кейбір жағдайларда мұндай интоксикация өмірге қауіп төндіріп, қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.
Бұған дейін Қазақстанда биыл топтық тағамнан улану деректері бойынша 8 қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік.