Петропавлда ұры бір үйді екі рет тонап, қолға түсті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда бес жыл бұрын тонаған үйіне тағы да ұрлыққа түскен ұрыны полицейлер алысқа ұзатпай ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, үйіне келген Петропавлдағы Жұмысшы кентінің тұрғыны терезесінің сынғанын көрген.

Ұры бағалы заттарды іздеп, үйдің астан-кестенін шығарыпты.

Полицейлер осыған ұқсас қылмыстарды жасағаны үшін бұрын бірнеше рет сотталған 45 жастағы қала тұрғынын ұстады.

Ұрланған заттар оның пәтерінен, ал алтын ломбардтан алынды. Келген шығын мөлшері 200 мың теңге шамасында.

Полицейлердің айтуынша, қылмыскер 2016 жылы да ол үйге ұрлыққа түсіп, ұсталған еді. Сол жолы 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

2018 жылы босап шыққаннан кейін, екі аптадан соң пәтер ұрлығын жасап, тағы 2 жыл 5 ай мерзімге сотталды.

Босап шыққанына бір ай өтер-өтпестен қайта қылмысқа барып отыр.

«Жігіт күдіктілер тізіміне алғашқылардың бірі болып түскен. Себебі, бұрын істі болған тұлғалар ерекше бақылауға алынады. Ұқсас қылмыстар жасалған кезде бұл адамдар бірінші болып тексеріледі. Ұрыдан қорғану үшін кетер алдында пәтердің есігін тексеріп, үй әйнектерін ашық қалдырмауға және де мүмкіндігінше дабыл қондырғыларын орнатуға, аулалар мен пәтер подъездеріне бейнебақылау орнатуға кеңес береміз», - дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер бойынша аға жедел уәкілі Данияр Ғалиақпаров.

Жалпы биыл 196 пәтер ұрлығы тіркелсе, соның 120-сы бойынша іс сотқа жіберілді.