Петропавлда үш жасар бала терезеден құлады

Фото: pexels.com

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда үш күн ішінде екі бала көпқабатты үйдің терезесінен құлады.

Бірінші оқиға 13 сәуір күні болды. Екі жасар бала тоғыз қабатты үйдің екінші қабаттағы пәтердің терезесінен абайсызда құлап кеткен. 

Қазір бүлдіршін облыстық көпбейінді балалар ауруханасында ем алып жатыр. Араға күн салып, 15 сәуір күні Петропавлда 3 жасар бала екінші қабаттағы пәтердің терезесінен құлады. Балақай аман.

Балалардың жарақаттану деректерінің көбеюіне байланысты полицейлер үндеу жасады. 

- Сәуір айында ғана екі бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кетті. Оның бір ғана себебі бар – ата-аналардың бейқамдығы, балаларына дұрыс қарамауы. Сол себепті баланы терезесі ашық бөлмеде жалғыз қалдырмауларыңызды сұраймыз. Москит торы баланы құлаудан сақтамайды, сондықтан арнайы құрылғы қойып, жиһазды терезе алдынан алып тастаған жөн. Балаларыңызға қамқор болыңыз, - деді Петропавл қалалық Полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.

Бұған дейін Қарағанды облысында баланың басына кірпіш құлап, жансақтау бөліміне жеткізілгенін жазған едік.