Петропавлда үйлеріне су кіргендер енді жедел штабқа жүгіне алады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда су басу мәселелеріне қатысты екі жедел штаб құрылды.
Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, оның бірі Жұмысшы кентінде орналасқан. Красин көшесі, 64 мекенжайда орналасқан штабқа тұрғындар тәулік бойы жүгіне алады.
Екіншісі былтыр су тасқынынан кейін пайда болған жаңа шағын аудан — «Бірлікте» орналасқан. Үйлеріне су кірген жағдайда тұрғындар «Апельсин» дүкенінің ғимаратында орналасқан жедел штабқа хабарласқаны жөн.
«Қазгидромет» РМК Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы 17 наурызға ескерту жариялады. Қар қарқынды ериді, күндіз жауын жаумақ. Облыстың батысында, солтүстігінде көктайғақ болып, тұман түседі. Бірқатар ауданда күндіз оңтүстік-батыстан соққан желдің күшін 23-28 м\с дейін жетпек.
Сондай-ақ, синоптиктер бүгіннен бастап гидрологиялық бекеттерді күнделікті бақылауға алды. Әзірге судың тәулік ішіндегі өзгеруі орташа 1-2 см шамасында ғана. Тек Северное ауылының маңында Шағалалы өзенінің деңгейі 7 см көтерілген.
Бұған дейін СҚО-да күн күрт жылынып, көшелерден қар екі ауысыммен шығарылып жатқанын жаздық.