Петропавлда электронды таблолар 2018 жылы пайда болды. Ол жерден қай автобустың неше минуттан кейін келетінін, ауа температурасын білуге болатын. Алайда олар ұзаққа бармай сынып, істен шықты.
Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Әділбек Әубәкіровтың айтуынша, облыс орталығында жазда Infobus жүйесі енгізілді. Жақында конкурс өтіп, енді 31 электронды табло жөнделіп, іске қосылмақ.
«Келесі кезекте жолаушылар ағынын анықтау үшін арнайы датчикті орнатпақпыз. Осылайша жолаушы тасымалдаушылар қаншалықты ашық жұмыс істеп жатыр, шын кірісі қанша екенін анықтаймыз, бізге бақылау үшін керек. Бұған қалалық бюджеттен қаражат бөлінді, құрылғыларды жаңа автобустарға орнатамыз», - дейді Әділбек Әубәкіров.
Жалпы былтыр жолаушы тасымалына Петропавл бюджетінен 2 млрд теңгеден астам субсидия бөлінді, биыл оның мөлшері 3 млрд теңгеге жетіп, кәсіпкерлер оның бір бөлігін алған. Бұл қаражат жолаушы тасымалдаушылардың шығынын өтеу үшін беріледі.
«Бүгін қоғамдық көлікте жүру ақысы өсетінін айттық. Карточкамен 100 теңге, қолма-қол ақшамен 170 теңге төлейді. Екі тариф белгілеу арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауды мақсат еттік. Өйткені кейбір жүргізушілер жолақыны қалтасына басып қалып жатады. Сондықтан қолма-қол ақыны барынша азайтуымыз керек», - дейді қала әкімінің орынбасары.
Биыл Петропавлға жаңа 11 автобус алынды. Әлі де автобус паркі жаңаланады, тасымалдаушылар қазір бұл мәселемен айналысып жатыр. Қазіргі уақытта облыс орталығындағы қоғамдық көліктердің 58% - жаңа.