Петропавлда зейнеткер төртінші қабаттың терезесінен құлап, мерт болды

Фото: Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда жоғары қабаттан құлап кеткен әйел бірден ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады. 

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мерт болған әйелдің жасы 67-де. Қазіргі уақытта оның өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

— Оқиға 14 қазан күні болды. Әйел Сәтбаев көшесіндегі тұрғын үйдің төртінші қабаттағы терезеден құлап кеткен. Медициналық мекемеде оның өмірі үшін дәрігерлер арпалысқанымен нәтиже бермеді.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша заң аясында процестік шешім қабылданады, — делінген баспасөз хабарламасында.

Бұған дейін Петропавлда жерасты жылу коллекторында өрт шығып, бір әйел мерт болғанын жазған едік.