Петропавлда жаңа жылдық безендіруге қанша жұмсалатыны айтылды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда биыл 8 мұз қалашығы салынады. Жаңа жыл мерекесіне орай көшелер де безендірілмек.
Солтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының мәліметінше, биыл өткен жылға қарағанда мұз қалашықтарының саны біреуге артық болмақ. Мейрамның символы — 30 метрлік былтырғы шырша бас алаңға орнатылады.
Бұдан бөлек орталық алаң, Пестрое көлінің жаны, Жеңіс саябағы, сапаржай, «Береке» шағын ауданы, Н. Назарбаев және Г. Жуков көшелерінің қиылысы жанындағы алаң безендіріледі.
Олардың қатарына көктемгі су тасқынынан зардап шеккендер көшірілген жаңа «Бірлік» шағын ауданы қосылған.
Мамандардың айтуынша, қаланы безендіруде айтарлықтай өзгешелік болмайды. Бірер күн бұрын қолданыста болған ойыншықтардың, шағын сәулет нысандарының бүтіндігі тексерілді. Олар мұз қалашықтарын, облыс орталығын безендіруге жарамды деп танылды.
Жаңа жыл мейрамына орай Петропавлды, аудан орталықтарын безендіруге қатысты облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те орталық коммуникациялық қызметте болған брифингте айтты.
— Облыс орталығын безендіруге 13,5 млн теңге жұмсалады. Аудан орталықтарында бұл мақсатқа аз қаражат бөлінуі тиіс. Биылғыдай күзде жақсы өнім алғандықтан, меценаттарымыз, шаруашылықтардың жетекшілері, біздің патриоттар көмектеседі деп ойлаймын, — деді брифингте СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Бұған дейін СҚО-да қай жерде шаңғы-коньки тебуге болатындығын жазған едік.