— Тазарту, су бұру және су өткізу құрылыстары кәсіпорны жабық және ашық жатқан нөсер кәріздерін тазартып, су сорғызу жұмысын атқарып жатыр. Қосымша арықтар қазылады. Бұдан бөлек әлі де 16-17 тамыздағы нөсер жауынның салдарымен күресіп жатырмыз. Барлық көрсетілген мекенжайларға апаттық бригадалар барып, арнайы техника қолданылды. Су сорғызу жұмысы жалғасқан, — дейді Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Олег Гаврилов.
Маманның айтуынша, нөсерден кейін сағат 6.00-ден түнгі 00.00-ге дейін қала тұрғындары мен ұйымдарынан 100-ден астам өтініш түсті, оның 30-дан астамы қайта хабарласқан.
— Жалпы 15 мың текше метрден астам су сорғызылды. «Қызылжар су» кәсіпорны және қалалық тазарту құрылыстарының 20-дан астам су сорғызу, кәріз жуғыш техникасы, экскаваторлары, 30-дан астам мотопомпа, 80-нен астам қызметкер жұмылдырылды, — дейді Олег Гаврилов.
Естеріңізге салайық, жаңбыр ұзақ уақыт бойы толассыз жауғандықтан, Петропавлда қаланың кей көшелерін және жер төлелерді су басып, тұрғындарды әбігерге салған еді.
Ақерке Дәуренбекқызы
эксклюзив