Петропавлда жанған қуаттау құрылғысы бес қабатты үй тұрғындарын эвакуациялауға себеп болды

Фото: СҚО ТЖД

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда бес қабатты тұрғын үйде өрт шығып, 42 адамды қауіпсіз жерге шығаруға тура келді.

Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, эвакуацияланғандардың ішінде бес бала да бар. Ал 64 жастағы ер адам жедел жәрдем қызметіне тапсырылып, ауруханаға жатқызылды.

Мамандардың айтуынша, өрт үшінші қабаттағы пәтерлердің бірінде шыққан. Жалынның таралуына қуаттау құрылғысының қысқа тұйықталуы себеп болды. Осыған орай құтқарушылар тек түпнұсқа немесе сертификатталған зарядтау құрылғыларын қолдануға кеңес береді.

- Телефонды қуаттауға қойып, қараусыз қалдырмаңыз, әсіресе түнде, гаджетті жастықтың астында, төсекте немесе матамен жабылған жерде қуаттамаңыз, салдарынан қызып, өртке әкелуі мүмкін. Құрылғыларды ылғалды жерде немесе күннің астында зарядтамаңыз. Зақымданған сымдар мен адаптерлерді қолданбаңыз, - дейді мамандар.

Бұған дейін СҚО-да сіріңкемен ойнаған 9 жастағы бала бүтін үй-жайды өртеп жібере жаздағанын жазған едік.