Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 13 маусымда құқық қорғау органына шаһардың орталығындағы ғимараттардың біріне жарылғыш зат қойылғандығы жөнінде хабарлама түскен. Сағат 14:45-те оқиға орнына барлық шұғыл қызметтер жетіп, ғимарат қоршауға алынды.
Үй-жайды тексеру кезінде жарылғыш зат, сондай-ақ басқа да күдікті заттар анықталмады. Қоғамдық тәртіпті бұзуға жол берілмеді. Аталған факті ҚР ҚК «Терроризм туралы көрінеу жалған хабарлау» 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазіргі уақытта қаскүнемді анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, СҚО-да былтыр 10 «жалған терроризм» фактісі тіркелген. Барлығы ашылып, тиісті тұлғалар жазаға тартылды.
Айта кету керек, қылмыстың бұл түріне 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.