Петропавлда «жарылғыш зат» салдарынан 300-ден астам тұрғын эвакуацияланды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл қаласында көпқабатты үйлердің бірінен 326 адам, соның ішінде 40 бала эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Телефонмен түскен хабарламаға сәйкес арнайы қызметтер дабыл бойынша көтерілді. Белгісіз адам «102» номеріне Мира көшесі, 327А үйінің жертөлесіне жарылғыш зат орнатылғаны жөнінде хабарлаған.

«Үй қоршауға алынды. Жіті тексерістен кейін жарылғыш зат та, күмәнді өзге де заттар табылмады. Қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол берілген жоқ», - деді облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен.

Жалған ақпарат берген адам анықталды. Ол осы үйде тұратын 25 жастағы жігіт болып шықты.

«Экстремизмге қарсы күрес жөніндегі басқарманың бастығы Руслан Мұхамбетжанов мәлім еткендей, ер адамнан SIM-картасымен бірге телефон тәркіленді. Облыстық наркологиялық орталықтың актісіне сәйкес, ол сол күні жеңіл түрдегі алкогольдік мас күйінде болған.

Аталған факті «Террорлық акті туралы көрінеу жалған ақпарат беру» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарының бірыңғай тізіліміне тіркелді. Бұл бап 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Тергеу басталды.

«Осыған ұқсас оқиға 20 шілде күні болды. Полицияға Бескөл аудандық орталығының 40 жастағы тұрғыны хабарласып, теміржол вокзалына бомба қойылғаны туралы айтты. Полицейлер оны сол күні ұстады. Істі желілік ішкі істер бөлімі тергеуде», - деді баспасөз қызметінен.