Петропавлда жас суретшілер мен фотографтардың «Шексіздік» атты көрмесі ашылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда мектеп оқушыларының сурет және фото көрмесі өтіп жатыр. Жасөспірімдер көркем туындыларына БҰҰ кедейлікті жоюға, теңсіздік пен әділетсіздікке қарсы күресуге, сондай-ақ климаттық өзгерістерге байланысты мәселелерді шешуге бағытталған тұрақты дамудың 17 мақсатын негіз етіп алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы сауда орталықтарының бірінде ашылған көрме «Шексіздік» деп аталған. Туындылардың авторлары – Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары. Көрермен назарына 16 жұмыс қойылды.

Сымбат Жамалбай – әуесқой фотограф. Мектеп оқушысы табиғат пен түрлі ғимараттарды суретке түсіргенді ұнатады екен. Көрмеде оның 5 жұмысы бар.

«Есіл өзенін суретке түсіру арқылы тұрғындардың назарын экологиялық мәселеге аударғым келді. Тағы бір фотода әжемнің ауылы бейнеленген. Ол Оңтүстік Қазақстан облысында тұрады. Балалық шағым сол ауылда өткендіктен сағынамын, әрі қашанда ыстық, оның табиғатын қызылжарлықтарға көрсеткім келді», - дейді Сымбат Жамалбай.

Жасөспірімдер өз туындыларына майлы бояудан бастап, цифрлық кескіндемеге дейін қолданған. Әлеуметтік мәселелерді, соның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықты өз еңбектеріне арқау еткен.


«Шын мәнінде оқушылар өздері ұсынды бұл тақырыпты. Себебі, Біріккен Ұлттар Ұйымының 17 мақсаты - біздің мектебімізде үнемі талқыналатын тақырыптардың бірі. Бұдан басқа кедейлікті жою, теңсіздік, қалалардың тұрақты дамуы деген сияқты түрлі жаһандық тақырыптар жайында ой қозғайды», - дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің өнер пәні мұғалімі Нәзира Сәдуақасова.

Көрме ертең де жалғасады. Болашақта бұл картиналар сатуға шығарылып, түскен қаржы қайырымдылыққа жұмсалмақ.