Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы Партизан көшесі бойындағы секциялық үлгідегі жатақханада өрт күндізгі сағат 14.00 шамасында шыққан. Өрт сөндірушілер жеткенде бес қабатты ғимараттың 4 қабатындағы терезеден қара қою түтін шығып жатыр екен. Мамандардың айтуынша, бұл өте қауіпті, өрт көрші бөлмелерге және шатырға ауысуы мүмкін.
Өрт сөндірушілер бірден үй тұрғындарын – 119 адамды, соның ішінде 23 баланы қауіпсіз жерге шығарды. Эвакуациялау барысында 5 қабаттағы бөлмелердің бірінде аяғы ауыр жас әйелдің қалып қойғандығы белгілі болды.
«Бізге көк түтінге оранған саты арқылы екі қабатқа көтеріліп, әйелді алып шығу міндеті тұрды. Әйел қорқып қалыпты, айы-күні жеткен, әрі қою түтіннен оған қырық басқышпен төмен түсу оңай болған жоқ. Жолда есінен танып, біраз әбігерге түстік. Өйткені, бізге түтін мен иіс тиюдің салдары жақсы таныс. Аман-есен таза ауаға шығарып, далада күтіп тұрған жедел жәрдем қызметіне тапсырдық», - дейді өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісінің орынбасары Мереке Әлімжанов.
19 жастағы Мәдинаға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жеткізілді. Өзінің де, баласының да денсаулығына келер қауіп болмағандықтан сол күні кешке үйіне жіберілді. «Мені және баламды құтқарған құтқарушыларға алғысым шексіз. Жағдайымыз жақсы. Өрт сөндірушілерге еңбектеріне табыс тілеймін, қашан да аман-есен отбасыларымен қауышсын», - дейді Мәдина.
Өрт 5 шаршы метр аумақты қамтыды. Мамандардың жылдам қимылының арқасында көрші бөлмелерге жайылған жоқ. Алдын ала болжам бойынша өрттің шығуына электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін.