Петропавлда жатақханадағы өрттен 42 адам эвакуацияланды
16:27, 26 Шілде 2025
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев көшесінде орналасқан бес қабатты жатақхананың екінші қабатында өрт шықты. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
ТЖМ мәліметінше, өрт бөлмелердің бірінде тұтанған. Құтқарушылар баспалдақ маршымен 42 адамды, оның ішінде 8 баланы қауіпсіз жерге көшірді. Өрттің көрші бөлмелерге таралуына жол берілген жоқ.
Жалын шағын аумақта сөндірілді. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.
Ведомство өкілдері тұрғындарды электр сымдарының жай-күйін бақылауға, желіні шамадан тыс жүктемеуге және тек жарамды электр құралдарын пайдалануға шақырды.
Айта кетейік, бүгін Алматыдағы сауда орталығында өрт шықты.