Тәртіп сақшыларының айтуынша, жолдағы қайғылы оқиғалардың жартысы жаяу жүргіншілердің кінәсінен болады екен. Жүргіншілердің ең басты қателіктері - жолды бағдаршамның тыйым салынған белгісіне қарамай немесе жолды белгіленбеген жерден кесіп өтуі.
«Жыл басынан бері 4900-ге тарта жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жүргіншілердің қатысы бар 26 жол-көлік апаты болды. Оның тең жартысы тікелей жүргіншілердің кінәсынан болған», дейді облыстық ПД Жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Баян Байғаскина.
Жедел - алдын алу іс шарасы басталған 4 күннің ішінде облыс жолдарында 682 жолда жүру ережесін бұзу фактісі анықталды. Жүргізушілердің 21-і жүргіншілерді арнайы жолақтан өткізбеген, 7-уі көше қиылыстарынан өту ережесін бұзған. Тағы 7-уі масаң күйде автокөлікті басқарса, 108 жол ережесі жаяу жүргіншілердің тарапынан бұзылған.
Жалпы, жыл басынан Петропавл жолдарында жүргіншілердің қатысуымен 26 жол-көлік оқиғасы тіркелген, соның салдарынан 1 адам қаза тауып, 74 адам жарақат алды.
«Назар аударыңыз, жүргінші!» жедел-алдын алу іс-шарасы 2 қарашаға дейін жалғасады. Полицияның мақсаты айыппұл салып, жазалау емес. Жол қозғалысының барлық қатысушыларына жолдағы тәртіп ережелерін қатаң сақтау қажеттігін түсіндіріп, жеткізу»,-дейді тәртіп сақшылары.
Ақерке Қабыкеева