Петропавлда жаяу жүргіншілер көшесінде көлікпен жарысқандар жазаланды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда 20 жастағы екі жігіт жаяу жүргіншілерге арналған Қазақстан Конституциясы көшесінде көліктерімен жарысқан.
Жігіттердің әрекеті әлеуметтік желіде тарады.
Петропавл патрульдік полиция батальоны жол қозғалысы ережелерін бұзған облыс орталығының екі тұрғынын анықтады. Жігіттер 20 қаңтар күні шамамен түнгі сағат 02.00-де Toyota Land Cruiser Prado және Audi автокөліктерімен Қазақстан Конституциясы көшесінде Алтынсарин көшесінен Амангелді көшесіне дейінгі аралықта тротуармен жүрген.
Екі жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің бірнеше бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты істі қарады.
Құқық бұзушылардың әрекеттері Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық ретінде сараланды.
Сот қаулысымен әрқайсысына 86 500 теңге мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындалды.
Қаулы заңды күшіне енді.
Бұған дейін Жамбыл облысында жеңіл көлік аударылып, үш адам зардап шеккенін жазған едік.