Петропавл әкімі Болат Жұмабеков СҚО-ның әкімдік отырысында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша есеп берді. Айтуынша, көктемгі су тасқынының алдын алуға және салдарын жоюға қалалық резервте 30 млн теңге, қосымша шұғыл шығындарға 26 млн теңгеге жуық қаражат бар.
«Өткен жылдарды саралайтын болсақ, соңғы төрт жылда қалада 240 тұрғын үйге еріген қар суы кірді. Бірақ жаңа желілерді салу және тереңдік сорғысын орнату нәтижесінде бұл үйлердің саны 107-ге дейін қысқарды. Биыл көктемде су тасқыны болған жағдайда тазарту құрылыстары кәсіпорны 83 техниканы шығарады. Бұдан басқа жеткілікті мөлшерде жанар-жағар май, құм, цемент, балшық, қаптар әзірленді. Бұдан басқа 6 мотрлы қайық, 20 арнайы киім бар», - дейді Болат Жұмабеков.
Қала әкімінің айтуынша, 14 ақпаннан бастап көшелердегі ашық суағарлардың мұзы ойылып, тазартылып жатыр. Соңғы екі жылдың ішінде ұзындығы 20 км болатын нөсерлік кәріздер салынған. Биыл бұл жұмыстар жалғасын таппақ.
«25 ақпан күні эвакуациялық пункттердің жұмысын пысықтауға арналған жаттығу өтеді. Петропавлда № 12, № 13, № 14 және № 40 мектептерде 130 орындық эвакопункт ашылды. Ол жерде бұл орындарға жауаптылар бекітілді, медициналық пункттер құрылды.
Қаланың ветеринарлық қызметі наурыз айынан бастап жеке тұрғын үйлерді аралап, мал-құс санын анықтайды. Кейін оларды су басқан аумақтан шығару үшін арнайы уақытша орын әзірленеді. Қазір малдарды шығаруға қажет техника, жем-шөппен қамту мәселесін шешіп жатырмыз. Су басу қаупі бар Заречный, Былғары зауыт, Ойқала аудандарының тұрғындарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», - дейді Петропавл әкімі.