Петропавлда жеке тұрғын үйден ұрланған темір-терсек металл қабылдау орнынан табылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда түсті және қара металлдың, темір қалдықтарының заңсыз айналымына қатысты қылмыстарды анықтау мақсатында полицейлер рейд өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда металл қабылдайтын 38 орын бар. Тәртіп сақшылары олардың барлығын назарда ұстап отырады.

Полицейлердің айтуынша, металл қабылдау орнының қызметкерлері тапсырылған темір бұйым күдік тудырған жағдайда тапсырушы жайында мәліметті, байланыс телефонын жазып алып қалуы керек. Содан кейін полицияға хабар беруі тиіс.

«Жедел-алдын алу іс-шарасының үш күні ішінде қалалық полиция басқармасының қызметкерлері металл қабылдау пункттеріне рейдтер өткізді. Осындай орындардың 21-і тексерілді. Кәсіпкерлермен, олардың жұмысшыларымен ақпаратты-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тексеріс барысында екі қылмыстық заңбұзушылық және бұған дейін жасалған екі қылмыс анықталды, яғни Петропавлдағы жеке тұрғын үй секторындағы тұрғындардың ауласынан ұрланған шойын плита, темір құбыр және қақпақтар табылды», - дейді Петропавл қалалық ПБ криминалды полиция бөлімі басшысының орынбасары Ерболат Қаптаев.

Бүгінде ұрланған заттар иелеріне қайтарылды, істің мән-жайы анықталып жатыр.

Үш күнге шақталған жедел-алдын алу іс-шарасы аяқталғанымен, криминалды полиция қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторлары темірмен қатысты қылмыстардың алдын алу мақсатында металл қабылдау орындарын бақылауда ұстайды.