Петропавлда жеңіл көлік отқа оранды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласының көшелерінің бірінде бүгін таңертең автокөлік жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқыс оқиға жайында хабар «101» телефон нөміріне сағат 9.05 минут кеткенде түскен. Петропавлдағы М.Әуезов пен Индустриальный көшелерінің қиылысында УАЗ 349 маркілі жеңіл көліктен өрт шығыпты.

№2 және №4 өрт сөндіру бөлімдерінің мамандары жеткен кезде автокөлік тұтас отқа оранған екен. Өрт сөндірушілер жарты сағаттың ішінде тілсіз жауды толық ауыздықтады. Автокөлік жанып кетті. Зардап шеккендер жоқ.

Мамандардың болжамынша, өрттің шығуына жанармай жабдығының істен шығуы себеп болуы мүмкін.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті оқыс жағдайлардың алдын алу үшін үнемі автокөліктің техникалық жағдайына, әсіресе электр жабдықтарының жағдайына мән беріп, тексертіп отыру қажеттігін ескертеді.

Автокөліктердің өртенуіне негізінен электр сымдарының қысқа тұйықталуы мен жанармай жабдығының істен шығуы себеп.

Мамандардың сөзіне қарағанда, автокөліктің толық жанып кетуіне небары 5-8 минут жеткілікті екен.