Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 ақпан күні сағат 10.00 шамасында Петропавл қаласы полиция басқармасына «Бармалей» мейрамханасы мен «Теплый канал» арасындағы айналма жолда ВАЗ-2114 автокөлігі мен жүк тиегіші бар SEM тракторының соқтығысқаны туралы хабарлама келіп түсті.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жеңіл көліктің 1984 жылы туған жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды.
Бұл факті ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Сотқа дейінгі тергеу аясында полицейлер жол-көлік оқиғасының мән-жайы мен себептерін анықтауы қажет. Бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды.
СҚО жолдарында қаңтар айында 15 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 6 адам қаза тауып, 20 адам жарақаттанды. Полиция қызметкерлері жол қозғалысының барлық қатысушыларын Жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға шақырады.