Петропавлда «Жылы жүрек» акциясы өтті
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда Алғыс айту күніне орай волонтерлер «Жылы жүрек» акциясын ұйымдастырды.
Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысы волонтерлерінің «Birgemiz» фронт-кеңсесі және мемлекеттік қызметшілер қатысты. Олар қала көшелеріне ыстық шай құйылған термостарын, бауырсақ пен кәмпит алып шығып, бұл күні жұмыс істеп жатқан коммуналдық қызмет жұмысшыларына таратты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгін елімізде «Игі істер марафоны» акциясы басталды. «Жылы жүрек» осы жоба аясында өтіп жатыр.
- Бұл адамдардың еңбегі зор. Күнде аяз демей, боран демей көшеге шығып, қаламыздың таза болуы үшін жұмыс істейді. Акция аясында алдымен осы жұмысшыларға алғыс айтып, олардың еңбектеріне өз құрметімізді білдіргіміз келді, - дейді СҚО Ішкі саясат басқармасының жастар бастамалары бөлімінің жетекшісі Анастасия Волкова.
Жастардың айтуынша, өңір волонтерлері белсенді. Олар атқарған қайырымды істер аз емес. Қазіргі уақытта жеке тұрғын үйде тұратын жалғызілікті қарттарды қамқорлыққа алып, аулаларын қардан тазартып жатыр.
Бұған дейін CҚО-да көктемгі су тасқыны қарсаңында гидропосттарда жоспарлы бақылау басталғанын жаздық.