Петропавлда жоғалған ағалы-інілі екі бүлдіршін табылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда мектептен өздігінен шығып кетіп, адасқан екі бүлдіршін аман-есен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қаласының тұрғыны «102» нөміріне хабарласып, екі ұлының жоғалғанын айтқан. 6 және 7 жастағы екі бүлдіршін аналарының келуін күтпей, мектептен шығып кеткен. Балаларын іздеп шарқ ұрған ана өздігінен таба алмағандықтан полицейлерден көмек сұрапты.

Жоғалған балаларды іздеуге полицейлерден басқа оқушылардың мұғалімі де аттанды. Көп ұзамай бүлдіршіндер жеке сектордан табылды.

«Балалар қорқып қалыпты, жылаған. Аналарын көргенде қуаныштарында шек болмады. Барлығы жақсы аяқталды», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасының ППБ инспекторы Шымболат Уаисов.

Полицейлердің айтуынша, осыған ұқсас оқиғалар жиі болып тұрады. Қазан айында облыс орталығында 8 жасар қыз жоғалды. Таңертең дүкенге шыққан ол қайтып оралмаған.

Балдырғанды іздеуге полицейлер мен волонтерлер жұмылдырылып, бірер сағаттан кейін ол ойнап жүрген жерінен табылды.

«Балалар достарына ойнауға кетіп, қызығына түскені сондай ата-аналарына телефон шалуға ұмытады. Биылғы оқу жылынан бастап біз жоғалған 25 баланы іздедік. Олар негізінен жасөспірімдер. Барлығы бір тәуліктің ішінде табылып, үйлеріне қайтарылды», - дейді криминалдық полиция қызметкерлері.