Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 10 қарашада Жұмысшы кентінде болған. Сағат 17:30 шамасында «102» арнасына Петропавл тұрғыны хабарласып, таңертең үйінен шығып кеткен 13 жастағы ұлын таба алмай жатқанын айтқан. Баланың өзімен бірге ұялы телефоны болмаған.
Полицейлер хабар түскен бойда іздеу жұмыстарына кіріскен. Патрульде жүрген полицияның кешенді күштері жұмылдырылып, арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкерлері де іздеуге қосылды.
Сондай-ақ, Жұмысшы кентінің маңайын тексеру үшін аспанға үш дрон көтерілген. Ал жедел басқару орталығының инспекторлары бейнебақылау камераларындағы жазбаларды тексерді.
Нәтижесінде жасөспірімнің жүрген бағыты анықталып, оның Зайцев көшесіне қарай кеткені белгілі болды.
Көп ұзамай оқушы үйлердің бірінің жанында орнатылған сәндік пештің ішінен табылды. Полицейлердің айтуынша, бала сол жерде жылынбақшы болып, ұйықтап кеткен.
Тәртіп сақшылары оны аман-есен үйіне жеткізді.
Ата-анасының айтуынша, жасөспірім бұған дейін үйінен кетіп көрмеген. Оның бұл жолы не себепті үйден безгенін кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция қызметкерлері анықтайды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері ата-анамен және баламен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Бұған дейін Алматыда оқушылары жаппай уланғаннан кейін республикалық физика-математика мектебінің Алматы филиалының директоры ауысқанын жазған едік.