Петропавлдың Жұмысшы кентінде жеңіл көлік жүргізушісі рульге ие бола алмай қалып, адамдар тұрған аялдамаға соғылды. Салдарынан бір әйел, үш бала ауыр жарақат алды.
Соққан көліктен жапырылып қалған павильон астында қалған балалардың екеуінің жасы 7-де, үшіншісінің жасы – 12-де. Олардың барлығы облыстық көпсалалы балалар ауруханасына жедел жәрдем қызметімен жеткізілді.
«Егіздер алдымен хирургия бөлімшесінде тексерілді, олардың алдыңғы құрсақ қабырғасы соғылып, ішіне зақым келгені анықталғандықтан, жансақтау бөлімшесіне ауыстырылды.
12 жасар бала жарақат бөлімшесінде қаралды, оның оң сан сүйегі ашық сынған, тізе буынына дейін үлкен жарақат бар, бас сүйек-миына зақым келген. Жасөспірім жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Бұл балаға жедел түрде ота жасалып, сан сүйегіне металл құрылғы қойылды. Өйткені сүйегі сынып, сынықтары орнынан жылжып кеткен. Ота екі сағатқа жалғасты. Алайда ауыр жарақат бұл емес, баланың санынан тізе буынына дейін жырылып, еті жұлынған. Жарақат 40 см шамасында. Қалпына келуі үшін бірнеше ай керек», - дейді облыстық көпсалалы балалар ауруханасының дәрігері Шыңғыс Нұрғалиев.
Дәрігердің айтуынша, жасөспірім әлі күнге жансақтау бөлімшесінде жатыр, жағдайы тұрақты түрде ауыр. Бірақ есін біледі, өздігінен дем алып жатыр. Денсаулығында оң өзгеріс бар.
«7 жастағы егіздер хирургия бөлімшесіне ауыстырылды. Жағдайлары орташа ауыр.
Қазіргі уақытта жарақат алған балалар туралы қандай да бір болжам жасауға ерте. Өмірлеріне қауіп жоқ», - дейді Шыңғыс Нұрғалиев.