Петропавлда жол-көлік апатында 4 адам мерт болды, біреуі — бала
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавл маңындағы Мамлют тас жолында бүгін «Mercedes» және «ГАЗель» маркалы көліктер соқтығысып қалған.
Жол-көлік апатынан кадрлар әлеуметтік желіде пайда болды. Куәгерлердің айтуынша, жеңіл автокөлік қарсы бетке шығып кеткен. Салдарынан «ГАЗельмен» соқтығысып, қатты жарылыс болған.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, соқтығысу салдарынан 4 адам мерт болды, олардың бірі — бала. Тағы екі адам түрлі дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді.
Қайғылы оқиға бойынша қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Нақты процессуалдық шешім тергеу нәтижесінде қабылданады.
Осыған орай, полиция департаменті жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жол қозғалысына қатысушыларды жол жүру ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдықты шектен тыс асырмауға және көлік құралдарының техникалық жағдайын тұрақты бақылауда ұстауға шақырады, әсіресе көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде аса мұқият болу қажет екенін ескертеді.
Бұған дейін СҚО-да 34 млн теңгенің тұқымын ұрлағандар 5,6 жылға сотталғанын жазған едік.