Петропавлда жүзу жаттықтырушысы есірткі айналымына қатысы бар деген күдікке ілікті

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдағы жүзу жаттықтырушысын полицейлер құрамында есірткісі бар 56 таблеткамен ұстады.

Фото: СҚО ПД

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 1990 жылы туған ер адам Петропавл аумағында күшті әсер ететін препараттардың заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікке ілінді. Одан рецептісіз сатып алынған «Прегабалин» препаратының 4 блистері тәркіленді. Медициналық куәландыру күдіктінің каннабиноидтарды қолданғанын көрсетті.

Полицейлер дәрілер сатып алынған дәріхананы анықтады. Петропавлдың 40 жастағы тұрғыны — фармацевтке қатысты күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу кезеңінде дәріханадан тек рецептімен ғана берілетін барлық препарат тәркіленді.

Полицейлер мұндай заттардың бақылаусыз таратылуы есірткіге тәуелділікке әкеліп немесе артық дозаланған жағдайда жазатайым оқиғаларға ұрыну қаупін арттыратынын атап өтті.

Жыл басынан бері полицейлер СҚО-да күшті әсер ететін заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымының 5 фактісін, сондай-ақ мұндай заттарды айналымға шығару қағидаларын бұзудың 3 дерегін анықтады. 

Бұған дейін Шымкентте белгілі асаба есірткіге ұқсас заттармен ұсталғанын жазған едік.