Петропавлда жыл басталғалы 68 қаңғыбас панажайға орналастырылды
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аяздың күшеюіне байланысты полицейлер тұрғылықты жері жоқ адамдарды анықтауға бағытталған рейдтерді күшейткен. Үйсіздер қабылдап-тарату орнына жеткізіліп, барлық базалар бойынша тексеріледі, ал кешке түнеу орнына жөнелтіледі.
Полицейлердің айтуынша, қаңғыбастар негізінен вокзал маңы мен қала орталығын жағалайды. Кәріз құдықтары мен жылу трассаларында топ-топпен бас сауғалап, саршұнақ аяздан қорғанады. Полицияның рейдтік тобы оларды анықтап, үсіп кетуден қорғап қана қоймай, қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алады.
«Рейдтік топ күн сайын сағат 16.00-ден түн жарымға дейін жұмыс істейді. Мақсаты – тұрғылықты жері жоқ адамдарға әлеуметтік, медициналық және басқа да көмек көрсету, сондай-ақ халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саулығын қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті нығайту», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы қабылдап-тарату орнының бастығы Адай Смайыл.
Жыл басынан қабылдап-тарату орнына тұрғылықты жері жоқ 68 адам жеткізілді, олардың 4-уі судьяның санкциясы бойынша орналастырылды. Былтыр полицейлер үйсіздерді қабылдап-тарату орнына 2656 рет қаңғыбас жеткізген. Олардың 8-і бұрын іздеуде болған, 2-і із-түссіз жоғалған адам.
Полицейлер үйсіздерге қатысты барлық шақыртуларға барады және оларды бөлімшеге жеткізеді. Тұрғылықты жері жоқ тұлғалар туралы қабылдап-тарату орнына 52-92-99 телефоны бойынша немесе «102» арнасы арқылы хабарлауға болады.