Петропавл қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жылыту маусымын тоқтату туралы шешімді жергілікті атқарушы билік қабылдайды. Биыл әкімдіктің 16 сәуірдегі қаулысына сәйкес облыс орталығында жылу беру 20 мен 30 сәуір аралығында кезең-кезеңімен тоқтатылады.
«Егер ауа райының орташа температурасы 3-5 күн бойы 10 градус аралығында сақталса, бұл жағдайда жылыту маусымы тоқтатылады. Бұл жұмыстар 20 сәуірден бастап қолға алынды. Яғни кезекпен жүргізіледі. 20-21 сәуірде балабақшалар мен мектептерде, 22-29 сәуір аралығында көп қабатты үйлерде, ал 30 сәуір күні медициналық мекемелерде жылу тарату тоқтатылады», - деді Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.