Петропавлдағы «Ана үйі»: форматы өзгерсе де, мақсаты өзгермейді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы «Ана үйі» жабылуы мүмкін деген ақпарат тұрғындар арасында алаңдаушылық тудырған еді. Алайда іс жүзінде мекеме жұмысы жаңа форматқа көшірілді. Бүгінде орталық өз қызметін жалғастырып, қиын жағдайға тап болған аналарға қолдау көрсетіп келеді. Осы ретте «Ана үйінің» үйлестірушісі Меруерт Көшембаева тілші сауалдарына жауап беріп, орталықтың қазіргі жұмысы мен негізгі бағыттары туралы айтып берді.
– Бұған дейін «Ана үйінің» Петропавлдағы филиалы жабылуы мүмкін деген ақпарат тарады. Ол немен байланысты?
- Петропавлдағы «Ана үйі» филиалын жабу туралы емес, оның жұмыс форматын өзгертіп, тиімділігін арттыру жайында сөз болды. Өйткені бұл өңірде сәбиден бас тарту жағдайлары салыстырмалы түрде аз, сәйкесінше көмекке жүгінетіндер саны да көп емес.
Негізінен, орталық бір уақытта бес ана мен баланы қабылдауға есептелгенімен, соңғы кездері мұнда екі анадан артық адам тұрмаған. Осыған байланысты қолдау көрсету тәсілін өзгерту мәселесі қарастырылды. Жеке ғимаратты ұстаудан гөрі, көмекке мұқтаждарды пәтерге орналастыру туралы шешім қабылданды.
Мұндай тәсіл қиын жағдайға тап болған әйелдерге көрсетілетін көмекті сақтай отырып, шығынды азайтуға және үнемделген қаражатты басқа өңірлердегі орталықтарға бағыттауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда орталық пәтерлік форматқа көшірілді. Көмекке жүгінген әйелдерге тиісті көмек көрсетіліп жатыр.
- Петропавлдағы «Ана үйі» неше жылдан бері жұмыс істейді?
- Филиал 2014 жылдың сәуір айында ашылған, биыл 12 жыл толады. Ал «Ана үйі» қоры Қазақстан бойынша 13 жыл ішінде 9 186 сәби мен олардың аналарына көмек көрсетті. Ал Петропавлдағы орталық 190 әйел мен 198 балаға қолдау білдірді.
- Қиын жағдайға тап болған әйелдер қандай көмек алады?
- Жан-жақты, кешенді қолдау көрсетіледі. Бұл қолдаудың басты мақсаты – олардың дағдарысты еңсеруіне көмектесу, баласының қасында қалуына жағдай жасау және алдағы уақытта өз бетінше өмір сүруіне бейімдеу.
Ең алдымен, әйелдерге алты айға дейінгі мерзімге қауіпсіз уақытша баспана беріледі. Мұнда ана мен балаға қажетті барлық жағдай жасалады: жататын орын, толыққанды тамақ және күнделікті тұрмысқа қажет заттармен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ психологиялық қолдау көрсетіледі. Мамандар әйелдердің күйзелісті еңсеруіне, қиын кезеңнен өтуіне, өз-өзіне деген сенімін нығайтуға және ана болуға жауапкершілікпен қарауға көмектеседі.
Сонымен қатар, құқықтық көмек те беріледі. Қызметкерлер қажетті құжаттарды рәсімдеуге, мемлекеттік жәрдемақыларды - бала тууына және оны күтіп-бағуға арналған төлемдерді алуға жәрдемдеседі, сондай-ақ құқықтарын қорғауға қатысты кеңес береді. Әлеуметтік бейімдеуге де ерекше мән беріледі. Әйелдерге туыстарымен қарым-қатынасты қалпына келтіруге, жаңа дағдыларды немесе мамандықты игеруге, жұмыс табуға көмек көрсетіледі. Бұл олардың «Ана үйінен» шыққаннан кейін өздігінен өмір сүруі үшін керек. Қажет болған жағдайда ана мен бала медициналық көмек те алады.
- Әйелдер орталыққа көбіне қандай мәселелермен жүгінеді?
- Көп жағдайда әйелдер отбасының қолдауынсыз қалады, туыстары үйден шығарып жіберуі мүмкін немесе жаңа туған сәбиімен бірге тұруға жағдайы болмай жатады. Тағы бір өзекті мәселе - қаржылық қиындық. Көпшілігінің тұрақты табысы, жұмысы немесе өзін және баласын асырайтын қажетті қаражаты болмайды. Отбасындағы келіспеушіліктер, баланың әкесінің жауапкершіліктен бас тартуы немесе жүктілік пен босанғаннан кейінгі кезеңде жалғыз қалу сияқты жағдайлар. Кейде әйелдер жүктілік кезінде-ақ дағдарысқа ұшырап, болашаққа сенімі жоғалады. Мұндай қиындықтарды еңсере алмай, баладан бас тартуы мүмкін. Осындай сәттерде орталық мамандары әйелдерге дағдарыс кезеңінен өтуге көмектесіп, қажетті қолдау көрсетеді және баланың отбасында қалуына ықпал етеді.
- Сонда орталық жаңа туған сәбиден бас тартудың алдын алуға көмектеседі ғой?
- Иә, бұл - біздің негізгі мақсатымыз. Қиын кезеңде қолдау көрген әйелдер көбіне бастапқы шешімінен бас тартып, балаларын өздері тәрбиелеуге шешім қабылдайды.
- Қазіргі уақытта филиал қандай қиындықтарға тап болып отыр?
- Қазір орталық штаттық режимде жұмыс істеп жатыр және айтарлықтай қиындықтар жоқ. Дегенмен, кейде «Ана үйін» тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарымен шатастырып жатады. Негізінде, біздің бағыт - жүкті әйелдер мен жаңа туған сәбиі бар аналарды қолдау. Орталықтың жұмысы алдымен жүгінушілер санына, өңірдегі нақты қажеттілікке байланысты. Форматымыз өзгергенімен, қиын жағдайға тап болған әйелдерге уақытылы көмек көрсету және баланың отбасында қалуына ықпал ету мақсаты қала береді.
- Мемлекет немесе демеушілер тарапынан қолдау бар ма?
- «Ана үйі» тікелей мемлекеттен қаржы алмайды. Бірақ орталық мемлекеттік құрылымдармен - әкімдіктермен, әлеуметтік қорғау органдарымен, медицина мекемелерімен, қорғаншылық қызметтермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Осындай өзара іс-қимыл қиын жағдайға тап болған әйелдерді дер кезінде анықтап, оларға қажетті көмекті уақтылы көрсетуге мүмкіндік береді.
Орталық негізінен қайырымдылық есебінен жұмыс істейді. Жоба меценаттар мен әлеуметтік жауапты бизнес өкілдерінің қолдауымен дамып келеді. Әдетте әр өңірдегі «Ана үйінің» өз жанашыры бар, олар орталықтың жұмысына қолдау көрсетіп, оның дамуына үлес қосады.
Дәл осындай қамқорлықтың арқасында «Ана үйлері» өз жұмысын тоқтатпай келеді.
- Есте қалған ерекше оқиғалар бар ма?
- «Ана үйіне» келген әйелдердің тағдыры әртүрлі болғанымен, олардың барлығының артында ауыр күйзеліс, қолдаудың жоқтығы және болашаққа деген алаңдаушылық жатады. Орталықта осы жылдар ішінде талай тағдыр тоғысты. Әрине, олардың барлығын бірдей еске алып, тізіп шығу мүмкін емес. Дегенмен, әйелдің қиындықты еңсеріп, баласын сақтап қалып, біртіндеп өз бетінше өмір сүруі біздің де еңбегіміздің нәтижесі.
Орталықтан шыққан аналармен байланыс үзілмейді. Олар өз жаңалықтарымен бөлісіп, балаларының қалай өсіп жатқаны туралы айтып жатады. Мұндай сәттер өте құнды.
Бұған дейін Қазақстанда ана мен бала саулығын қолдаудың жаңа тетіктері енгізілгенін жазған едік.