Петропавлдағы балабақшада ерекше баланы балконға қамап қойған

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда отбасы ерекше қажеттілігі бар баласына жекеменшік коррекциялық балабақшада қатыгездік көрсетті деп айыптады.

Фото: Айзада Агильбаева / Kazinform

Ата-ананың айтуынша, олардың екі жасар ұлы балабақшадан бірнеше рет денесі көгеріп келген. Ал қолының балабақшада сынғанын дәлелдей алмаған. 

Бір күні балабақшаға ескертпей барған ерлі-зайыпты ұлдарының құлыптаулы суық балконда жерде жатқанын көрген. 

Бұл оқиғадан кейін ер адам балабақша басшылығынан бейнебақылау камераларындағы жазбаларды көрсетуді талап етіп, ұлының бұған дейін де балконға бірнеше рет қамалғанын көрген. 

Ата-ана құқық қорғау органдарына шағымданғанымен, қылмыстық іс бірнеше рет тоқтатылған.

Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының мәліметінше, осы оқиға бойынша балабақшаға қатысты әкімшілік шара қолданылған. Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулы шығарып, балабақша меңгерушісі айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылса, тәрбиеші мен тәрбиешінің көмекшісі жұмыстан шығарылған. 

Баланың ата-анасы бұл жаза жеткіліксіз деп есептейді, олар қайта тексеруді талап етіп отыр.

Бұған дейін Қызылорда қаласының тұрғыны аутизм диагнозы қойылған қызын қаладағы дамыту орталығының қызметкері ұрғанын айтып, қоғам назарын аударған еді.