Петропавлдағы балабақшаларға азық-түлік көтерілген бағамен алынып келген

Фото: Фото: ortcom.kz

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл қаласы прокуратурасының қадағалау актісі бойынша мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының бюджет қаражатын тиімсіз жұмсауына жол берілмеді.

Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының мәліметінше, Петропавл қаласының прокуратурасы білім беру ұйымдарын тексеріп, нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын мемлекеттік сатып алу кезінде бағаны көтермелеу фактілері болғанын анықтады.

Мысалы, тауарды жеткізушілер балабақшаларға қарақұмық жармасының килограммын 700 теңгеден сатқан, ал оның нарықтағы орташа бағасы 330 теңге болған.
Сондай-ақ басқа да азық-түлік өнімдерінің - картоп, сары май және күнбағыс майы, қант және т.б. көтерілген бағамен сатып алынғаны анықталды.

Қалыптасқан заңбұзушылықты жою және бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануды болдырмау мақсатында прокуратура оны жою туралы ұсыну енгізді.

Қадағалау актісі бойынша азық-түлік өнімдерін сатып алу бойынша калькуляция қайта бекітілді, бұл бюджет қаражатының 30 млн теңгеге артық жұмсалуына жол бермеді.

Уәкiлеттi орган қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткiзушiлермен қосымша келiсiмдер жасасу жөнiнде жұмыс жүргiзіп жатыр. 

Бұған дейін павлодарлықтарға жыл басынан бері 870 млн теңгеден астам айыппұл салынғанын жазған едік.