Петропавлдағы «Бауырластар зиратына» кімдер жерленген

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдары Петропавлда №2446, №3595 және №3813 үш эвакогоспиталь жұмыс істеген. 1942 жылдың ортасына қарай бұл госпитальдерде екі мыңнан астам жаралы жауынгер ем қабылдады.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

СҚО тарихи-өлкетану музейінің мәліметінше, эвакогоспитальдерде 63 дәрігер қызмет етті, оның бесеуі медицина ғылымдарының кандидаты болған. Дәрігерлер мен медбикелердің жанқиярлық еңбегінің арқасында көптеген жаралы өатарға қосылды. Петропавл эвакогоспитальдерінде емделген жауынгерлердің 71% қайта майданға аттанған

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

Ауыр жаралардан қайтыс болған жауынгерлер үшін Петропавл мәңгілік мекенге айналды. Ғабит Мүсірепов көшесінде орналасқан қалалық ескі қорымда қазір алты «Бауырластар зираты» орналасқан.

– Мұнда ұшқыштар жерленген екі «бауырластар зираты» бар. Соғыс жылдары Петропавлдың қазіргі Жұмысшы кентінде ұшқыштар мектебі ашылды, аэродром жұмыс істеді. Жастарды әскери іс-қимылдарға даярлады.

1943 жылы оқу-жаттығу кезінде бірнеше курсант соғысқа жетпей, абайсызда мерт болды.

Тағы екеуінде мұсылмандар және қалғанында православтықтар жерленген. Бізде қайтыс болғандар туралы мәлімет өте аз, нақты қанша адам жатқаны және олардың аты-жөні толық емес, - дейді СҚО тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығының бөлім меңгерушісі Ольга Есетова.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

Эвакогоспитальдерде қайтыс болғандар соғыс жылдары қазіргі Жамбыл көшесінде болған зиратқа жерленді. Кейін қалада құрылыстың қарқын алуына байланысты 1958 жылы бейіттерді көшіруге тура келді. Ғ.Мүсірепов көшесіндегі қалалық зират та көпке бармай, 1970 жылы жабылды.

– Қорым жабылғанымен, әлі күнге дейін адамдардың жаңадан жерленгенін көруге болады.

Жауынгерлердің зираттары біздің қамқорлығымызда, дегенмен, жергілікті билік тарапынан да көмек керек. Аумақ үлкен, бұта-шөп басып кеткен, қоқыс шашылып жатыр. Қоршауы да қолды болған, - дейді Ольга Есетова.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

Бір кездері мұнда Қызыл әскердің генерал-майоры Максим Шмыровтың да бейіті болған екен.

– Ол Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан жоқ. 1941 жылы Бурабайда туберкулезден қайтыс болды. Оны Бурабайда жатқан жерінен қазіргі Қарасай стадионына қарама-қарсы тұрған ескі зиратқа әкеліп қойды. Кейін оны осы әскери зиратқа жерледі. 2019 жылы жаңадан ашылған зиратқа апарып, басына ескерткіш қойып, қайта жерледі, - дейді Ольга Есетова.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

Орталық директоры Әли Тұрысовтың айтуынша, Петропавлда Екінші Дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің құрметіне ашылған, ресми алты ескерткіш бар. Екі обелиск Жеңіс саябағында тұр. Қалалық саябақта бір стелла бар. Театр алаңында «Мәңгілік алау» мемориалы орналасқан. Бұдан бөлек жекеменшік аумақта 314-ші атқыштар дивизиясы жауынгерлеріне арналған ескерткіш бар. Бірақ оның ресми мәртебесі жоқ.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

– Жылда мамыр мерекелері қарсаңында біздің орталық қызметкерлері бұл ескерткіштердің жай-күйіне мониторинг жасайды. Солардың бірі – Ғ.Мүсірепов көшесінде орналасқан зират. Мұндағы алты «бауырластар зираты» біздің қамқорлығымызға алынған.

Жеңіс күні қарсаңында әскери қызметшілердің, қоғам өкілдерінің, жастардың көмегімен бұл ескерткіштерді тәртіпке келтіреміз. Жалпы мұндай жұмыс суық түскенше жүргізіледі, - дейді СҚО тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығының директоры Әли Тұрысов.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

СҚО-да Екінші дүниежүзілік соғыстың көзі тірі ардагері қалған жоқ. Соңғы майдангер Федор Щегловтың қаңтар айында дүниеден өткенін жазған едік.