Петропавлдағы ғасырдан астам тарихы бар көне диірмен жаңғыртылады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда өткен ғасырдың басында салынған, бұзылудың сәл-ақ алдында қалған көпес Поляковтың диірменін қалпына келтіру жоспарланған.
Солтүстік Қазақстан облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, тарихи нысан 90 жылдардан бері жекеменшіктің қолында. Петропавлға инвестор келіп, ғимаратты сатып алды. Енді жоспар бойынша 10 млрд теңгеден астам қаражат жұмсап, биыл шілде айында мейрамхана-мейманхана кешенін пайдалануға бермек.
— Жоба аясында ғимараттың тарихи және сәулеттік келбеті толық сақталады. Қалпына келтіру жұмыстары барысында барлық құнды элементтер ұқыптылықпен жаңғыртылып, нысанның мәдени және тарихи маңызы сақталады. Реставрация аяқталғаннан кейін ғимарат жаңа тыныс алып, этно-мейрамхана-кофеханасы бар заманауи қонақүй кешеніне айналады. Жоба тұжырымдамасы Чикаго, Пекин, Мәскеу, Ташкент, Алматы (Көлсай көлі), Астана, Семей және Бурабай қалаларында ұсынылған табысты халықаралық франшиза негізінде әзірленген. Жобаны жүзеге асыру өңірдің туристік әлеуетін дамытуға елеулі үлес қосып, тарихи-мәдени мұраны сақтау және насихаттау ісінде маңызды қадам болмақ, — дейді басқарма басшысы Досбол Әбдіриісов.
Өткен ғасырдың басында төрт диірмен жұмыс істесе, соның үшеуінің ғимараты бүгінге дейін жеткен. Соның бірі — осы көпес Поляковтың диірмені.
Петропавлдың шетінде орналасқан бұл ғимарат XIX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы шағын көпес қаласына тән жоспарлау үлгісін көрсетеді.
Ғимарат көпес Иосиф Поляковтың бастамасымен салынған ұн тарту диірмені ретінде белгілі. 1905 жылы кірпіштен диірмен құрылысы басталып, 1907 жылы пайдалануға берілген. Кәсіпорын сол заманға сай неміс және швейцариялық заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Кеңестік заманда ғимарат мемлекет меншігіне алынып, № 8 диірмен зауытының қарамағына берілді. 1948–1955 жылдары мұнда махорка фабрикасы жұмыс істеді. Кейін ғимарат № 2 тігін фабрикасына тапсырылып, ол кейіннен «Комсомолка» фабрикасымен біріктірілді. Осылайша нысан әр кезеңде өндірістік мақсатта пайдаланылып, қаланың экономикалық өмірінде маңызды рөл атқарды.
Бастапқы жобасы бойынша ғимарат төрт қабатты, тікбұрышты пішіндегі кірпіштен салынған. Кейін оған көптеген қоймалық және қосалқы бөлмелер жалғанған екен. Іргетасы — кірпіштен қаланған, жабындары — ағаш арқалықтардан, шатыры — темірмен жабылған. Ұзын фасадтарында сопақша пішінді терезе ойықтары орналасқан.
Ал, өлкетанушылардың болжамынша, диірмен салынған аумақ бір кездері Уәли ханның иелігінде болған. Ол — қазақтың ұлы ғалымы әрі ағартушысы Шокан Уалихановтың атасы.
Ғимарат тарихи-мәдени ескерткіш ретінде мемлекет қорғауына алынған.
Бұған дейін Қазалыда ХХ ғасырда салынған су қыспақты мұнара әлі күнге жұмыс істеп тұрғанын жазған едік.