Петропавлдағы кәріз құдығында жарылыс болып, бес адам зардап шекті

Фото: Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдағы көпқабатты үйдің ауласындағы кәріз коллекторында жұмыс істеу барысында газ жарылды.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға кеше 19 ақпан күні кешкісін болған. 

Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

Петропавлдағы Жуков көшесіндегі үйдің ауласында кәріз коллекторының ескі құбырын бөлшектеу кезінде газ-ауа қоспасы жарылған. Салдарынан жұмыс істеп жатқан апаттық бригаданың бес жұмысшысы зардап шекті. Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу фактісі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу бастады.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккендердің жасы 29 бен 59 аралығында. Олар Петропавл қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер кейін жарақат алғандардың біреуін амбулаторлық ем алуға үйге жіберді. Қалған төртеуі жақ-бет хирургиясы бөлімшесінде ем алып жатыр. Зардап шеккендердің барлығының басы мен мойны күйген.

Бұған дейін СҚО-да 20 тонна ет артылған шетелдік фура аударылып қалғанын жазған едік.