Петропавлдағы Жуков көшесі бойындағы үйлердің тұрғындары далаға ағып жатқан су жайында бірнеше рет мәселе көтерген. Алайда естір құлақ жоқ. Қалалықтар бір күні су көпқабатты үйлердің жертөлелеріне кірер ме екен деп алаңдаулы.
Жергілікті билік бұл мәселеге қанық. Алайда судың қайдан ағып жатқанын анықтай алар емес.
- Бұл учаске арқылы бірнеше су құбыры өтеді. Олардың бірі «Севказэнерго» АҚ, «Қызылжар Су» ЖШС-ге тиесілі болса, енді бірі «Петропавл жылу желілері» ЖШС қарайды. Судың қайдан ағып жатқанын анықтап жатырмыз. Кейін меншік иесі жарылған жерді жөндейді. Әзірге қалалық әкімдік ол жердегі суды қаланың жауын суы кәрізіне ағызып жатыр, - деп жауап берді Петропавл қаласы әкімдігі баспасөз қызметінен.
2019 жылы қазіргі су басқан аумақта 400-дей гараж тұрды. Жергілікті билік бірер жылдың ішінде оларды алғызып тастады. 2021 жылы облыстың экс-әкімі Құмар Ақсақалов жол бойына жаңа жылу трассасы салынатындығын, кейін айналасы саябаққа айналатынын айтты, тіпті эскиздік жобасы да жасалды. Бірақ бұл учаскеде бастапқыда шалшық су жайылса, бүгінде батпаққа айналуға шақ тұр.