Петропавлдағы СҚУ колледжі биыл жабылмайды — СҚО білім басқармасы

Фото: Фото: Yandex.kz

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдағы жекеменшік Солтүстік Қазақстан университеті жаңа оқу жылында жабылмайды. Солтүстік Қазақстан облысының білім басқармасы оқу орнының студенттері және олардың ата-аналарымен, журналистермен кездесіп, дүрлігуге негіз жоқтығын айтты.

Осыдан бір апта бұрын әлеуметтік желіде «СҚУ колледжі жабылайын деп жатыр» деген алып-қашпа сөз тарады. Жекеменшік оқу орнының басшылығы бұл ақпаратты растамады, жоққа да шығармады. 

СҚО білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова бүгін ата-аналармен, журналистермен кездесіп, осы оқиғаға қатысты түсінік берді. 

«Бір де бір студент далада қалмас үшін келіссөз жүргізілді. Мен мұны өз бақылауыма алдым. Әр студент өз мамандығы бойынша оқуын бітіріп, дипломын алады. Яғни биылғы жаңа оқу жылында колледж жұмысын жалғастырып, жастар тиісті білім алады. Десек те биыл колледжге жаңадан студенттер қабылданбайды. Әлеуметтік маңызын ескере отырып, сондай-ақ, студенттердің құқығы бар, оқу жылы біткенше оқу орнының жабылуына жол бермейміз, бұған кепілдік береміз», — деді Айнагүл Сұрағанова.

Қазіргі уақытта СҚУ колледжінің 310 студенті бар, олар 6 бағыт бойынша білім алып жатыр. Жастардың 246-сы бюджеттік негізде оқиды. 26 педагог жұмыс істейді. 

«Басқа колледждер кейін осы СҚУ колледжінің студенттерін өзіне алу үшін жаңа мамандықтар ашады, бүгінде қажетті мәлімет жинап жатыр. Сол сияқты бюджеттік орындар, шәкіртақысы сақталады. Ұстаздар да жұмыспен қамтылады», — деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, СҚО-да 24 колледж бар, оның бесеуі — жекеменшік. 12-сі аудандарда орналасқан. Бұл оқу орындарында 10 мыңнан астам жас білім алса, соның 1,4 мыңы қазақ тілінде оқиды.