Петропавлдағы жалғыз жағажайда демалушыларға жағдай жасалмаған

Фото: видеодан алынған скрин

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы Пестрое көлі жағажайына тұрғындардың көңілі толмайды. Өйткені мұнда не душ, не дәретхана жұмыс істемейді. 

Петропавлға ыстық күндер қайтып келіп, тұрғындар шомылуға ресми рұқсат берілген Пестрое көліне ағылды. Алайда демалыс орны халықты қабылдауға дайын болмай шықты. Тұрғындардың айтуынша, душқа су келетін құбыр жарылып, ол көлге ағып жатыр. Ақылы дәретханалар болғанымен, олардың есігінде құлып тұр. 

Фото: видеодан алынған скрин

Петропавл қаласы әкімдігі мәселеге қатысты түсінік берді. Әкімнің баспасөз хатшысы Әсем Айтулованың айтуынша, Есіл өзеніндегі қалалық жағажай былтыр су тасқынынан кейін жабылды. Биыл Төтенше жағдайлар департаменті мамандары тексеріп, жағажайдан екі метрден кейін бірден төрт метрге жететін жыра барлығын анықтады. Қауіпті болғандықтан шомылуға тыйым салынып отыр. 

– Пестрое көліндегі жағажайда «Коммунхоз Петропавловск» ЖШС қызмет көрсетеді, яғни қоқысты жинайды. Жергілікті кәсіпкерлердің біріне бұл жағажай беріледі. Ол өз қаражатына бұл жерді абаттандырады, жақында іске кірісуі керек. Келесі жылы маусымдық аквапарк салуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек қосымша қызметтер ұсынуы мүмкін. Ал, жағажайға кіру бұрынғыдай тегін болады, - дейді баспасөз хатшысы. 

Маманның айтуынша, қалалық жағажай кәсіпкерге ұзақ уақытқа пайдалануға берілмек. 

Бұған дейін СҚО-да жасөспірім қолдан жасалған қазаншұңқырға батып кеткенін жазған едік.