Петропавлдағы жаңа қоқыс полигоны 35 жылға пайдалануға берілмек

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда жаңа қоқыс полигонын салуға қажетті құжаттардың басым бөлігі алынды.

Фото: Алматы облысы ТЖД

Солтүстік Қазақстан облысы экология департаментінің мәліметінше, жер учаскесіне жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспорты алынды.

Бүгінгі күні сондай-ақ, қоршаған ортаға әсерді бағалаудың оң қорытындысы алынды. Енді кешенді экологиялық рұқсат алу үшін қажетті құжаттар әзірленіп жатыр. 

Петропавлдың тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын жаңа полигоны Мамлют тас жолы бойында орналасады. Осы мақсатқа 30 га аумақ бөлінген. Жоба бойынша полигон 35 жыл жұмыс істеуге есептелген, ал жалпы жобалық қуаты - 4,38 млн тоннадан асады. 

Жаңа полигон аумағында тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салу жоспарланған. Кәсіпорынның жобалық технологиялық қуаты жылына 100 мың тонна болады.

Петропавлдағы қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны 1996 жылы ашылған. Бүгінде оның ресурсы толық аяқталды. Қала басшылығы жаңа нысан құрылысына дайындық жүргізіліп жатқан аралықта қолданыстағы полигонның қуатын қосымша 10% ұлғайтты.

Жалпы, қазір СҚО-да қауіпті емес қалдықтарды жинау, тасымалдау және кәдеге жаратумен 57 ұйым айналысады. 

Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылының маңындағы орман алқаптарына тұрмыстық қалдықтар төгіліп жатқанын жазған едік.